Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 29 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тұғыры биікте» тақырыбында онлайн-конференция өтті.

2020 жылдың 15 желтоқсанында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» республикалық мемлекеттік мекемесінде тарих пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 29 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тұғыры биікте» тақырыбында онлайн-конференция өтті.

Конференция ZOOM платформасы арқылы онлайн форматта өтті. Конференцияны тарих пәнінің мұғалімі Д.Б. Бекжанова ашты, аталған іс-шараға: оқу бөлімінің әдіскері Т.Н. Чиркова, тарих пәні мұғалімдері Н.Я. Макашева, Г.Ж. Зікірияева, С.Б. Бақтиярова, сонымен қатар 9-11 сынып оқушылары қатысты.

Д.Б. Бекежанова оқушыларға 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы, сол кездегі батырлар: Қайрат Рысқұлбеков, Сабира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова туралы толық мағлұмат берді. Конференция барысында бейне-материалдар пайдаланылды. Әрі қарай тақырыпты Н.Я. Макашева жалғастырып, қазіргі Қазақстанның халықаралық аренадағы алатын орнын, елімізді әлемнің 120-дан астам елі танығанын атап өтіп, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарындағы жоғары экономикалық дамуына тоқталды. Конференция қатысушыларын Г.Ж. Зікірияева мен С.Б. Бақтиярова еліміздің ең маңызды мерекесімен құттықтап, спорт шыңы мен білім алуда жоғары жетістіктер тіледі.

Конференция соңында оқушыларға сұрақтар қойылды, олар еш қиындықсыз жауап беріп, өздерінің қызығушылығы мен ықыластарын көрсетті.

Қорытынды сөзді оқу бөлімінің әдіскері Т.Н. Чиркова алып, бүгінгі ұйымдастырылған шараға қатысушыларға алғысын білдіріп, мерекемен құттықтады.