марапаттау рәсімі

Астанамыздың төрінде орналасқан  «Тілеп-Қобыз сарайы» концерттік залында  2019 жылдың 25 қаңтарында  «Ең үздік спортшы», «Ең үздік жаттықтырушы», «Ең үздік бөлім» атты салтанатты марапаттау кеші өткізілді. Кештің мақсаты 2018 жылдың қорытындысы бойынша спортшы-оқушылардың және жаттықтырушылардың жеткен жетістіктері мен  ерекше жеңістерді бағындырған «Үздік споршыны, жаттықтырушымен қатар үздік бөлімді»  анықтап, марапаттау.

         Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы - Жарасбаев Серік Маратұлы, «Қазақстан» телеарнасының вице президенті - Егізбаев Серік Рахметоллаұлы және де  мектебіміздің түлегі, бокстан ҚР еңбек сіңірген спорт  шебері, Азия чемпионы, Әлем чемпионатының жеңімпазы, 2013 жылдың Үздік спортшысы, «Құрмет» орденінің иегері – Ақшалов  Мерей Төлегенұлы  қатысты.

    Іс-шара басында мектеп директоры Сапашев Мәлік Абуханұлы мектебімізде спортшыларымызды бабында ұстап, спорт саласының дамуына үлкен үлес қосып жүрген жаттықтырушыларымызды  «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» спорттық атағымен Игибаев Азамат Маратұлын және  Еркебаев Асқар Берікбайұлын құттықтап, марапаттады.  

    Жасөспірімдер арасында Олимпиада ойындарының жеңімпазы - Оралбай Айбек «Жылдың ең үздік спортшысы»  атанды,  «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» Еркебаев Аскар Берікбайұлы  «Ең үздік жаттықтырушы» номинациясының жеңімпазы атанса, «Ең үздік бөлім» номинациясын ескек есу бөлімі жеңіске жетті.

     Марапаттау рәсімінде «Пиротехникалық шоу», «Шұғыла» би ансамбілі, қазақ эстрада жұлдызы Асқар Жайлаубаев  «Қазақ спорты» әнімен және қазақ  эстрада жұлдызы, Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  - Досымжан Қарпықұлы Таңатаров өз өнерлерімен тамсандырып,  жас спортшыларға керемет көңіл-күй сыйлады.  Іс – шараның соңы арнайы оқушыларға жайылған фуршеттік үстелмен және кешкі бимен жалғасты.