Бүгің, 18 сәуірде, Астана қаласында орналасқан Қ. Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде "Дети Азии" халықаралық спорттық ойындары ұйытқы болған "Путь к Олимпу" атты білім бағдарламасы өтті.
Алдымен, мекемеге қарасты "Қажымұқан" спорт кешеңінде бокстан және дзюдодан шеберлік сабақтары өтті. Осы ойындардың түлектері: бокстан Әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшалов және дзюдодан Азия чемпионы, Әлем Кубогы иегері, Олимпиада ойындарының қатысушысы Айбек Имашев спортшы-балалармен өз шеберліктерімен бөлісті. Мастер-класстардан кейін автограф-сессия орын алды.
"Путь к Олимпу" білім бағдарламасының салтанатты ашылуында "Дети Азии" халықаралық комитенің президенті Владимир Максимов жиналған қатысушыларға сәттілік тілеп өз сыйлығымен бөлісті.
Қарымта сөз кезегінде Қ. Мұңайтпасов оқу-спорттық ордасының басшысы Мерей Ақшалов ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, салт-дәстүрімізге сай, алыстан ат терлетіп келген мәртебелі қонақтың иығына шапан жауып, арнайы құрмет көрсетті.
Содан кейін, мекеме спортшылары (14-16 жасар) үш топқа бөлініп, білім бағдарламаларын бастап кетті: допингке қарсы іс-әрекеттер жолы, спорттық психологияны дамыту жолдары және ойындардың тарихы туралы сабақтар мен тестер жүргізілді.
Іс-шара соңында, қатысушыларға арнайы осы халықаралық ұжымның сертификаттары тапсырылды.
Қазақстандағы Саха (Якутия) Республикасының күндері ертен жалғасын тауып, басқа да іс-шаралармен өтеді.