Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесі құтты болсын!

Наурыз мейрамы ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесі қарсанында мектеп-интернат-колледжімізде наурыз айының 14 мен 23 аралығында спортшы – оқушыларға қайырымдылықпен мейірімділікті, ұлттық киімдерді, ұлттық тағамдарды және ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау мақсатында «Атадан қалған асыл сөз», «Ата салты ардақты» үлкендер кеңесі, әңгіме сұхбат, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» тақырыбында тәрбие сағаттар, құттықтау сазды бағдарламалар, Ұлттық мұражайға саяхат, «Ұлттық ойындар» атты тоғызқұмалақ, қазақша күрестен жарыс ұйымдастырылды.

21 күні Елордамыздың төрінде «Сарыарқа» велотрегінде өткен мерекелік іс-шарада мектеп-интернат-колледжіміздің ұжымы құрған киіз үйге Ұлыстың Ұлы күнін тойлауға келген жұрт кіріп, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсындағы басты тағам - жеті түрлі дәннен әзірленген наурыз көжеден дәм татып, ризашылықтарын білдіріп жатты.

Ата-бабамыздан келе жатқан «Құда түсу» рәсімін ұжымымыз көрсеткенде мерекенің сәнін келтірді. Ұлы тойдың қадірлі қонақтары Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мәдениет және спорт вице министрі Елдос Рамазан Мұратұлы, Спорт және дене шынықтыру комитеті төреағасы Сапиев Серік Жұманғалиұлы тігілген алтын қанатты киіз үйлерді аралап, ақ бата мен тілектерін тіледі.

Мереке қызған кезде жастар алтыбақан жанында ұлттық ойындар ойнады, спорттық жарыстарға спортшы-оқушылар белсене қатысып, жалпы командалық ойында І орынға ие болды. Соның ішінде қазақша күрес, арқан тарту, гир көтеру т.б. Жеңімпаздар мадақтамалармен марапатталды.